Қауіп төнген жағдайдағы қауіпсіздік жоспары
01
Көршілеріңізбен алдын ала келісіп қойыңыз: үйіңізден айқай-шу естілсе, бірден полиция шақырсын
02
Қауіп төнгенде үйден жылдам шығып кету үшін, үйдің (немесе көліктің) қосалқы кілтін оңай алатын жерге тығып қойыңыз.
03
Туыстарыңызбен немесе достарыңызбен алдын ала сөйлесіп қойыңыз: қауіп төнген кезде олардың үйіне уақытша бара тұруға бола ма, соны нақтылап алыңыз
04
Ол сізді іздеп табатындай ешқандай із қалдырмаңыз (браузер тарихын тазартыңыз, мекенжайлар мен заметкаларды көзінен таса етіңіз)
05
Сізге көмек көрсете алатын жергілікті қызметтердің (дағдарыс орталығы, сенім телефоны, полиция бөлімшесінің кезекші бөлімі) телефон нөмірлерін алдын ала біліп, сақтап қойыңыз.
06
Ақша, құжаттар, маңызды нөмірлер тізімі, киім мен дәрі-дәрмекті алдын ала дайындап, қауіпсіз жерге тығып қойыңыз. Өзіңізбен бірге алатын бағалы заттарды да нақтылап алыңыз – қиын жағдайда оларды сатып немесе кепілге өткізу арқылы қаржылай қиындықтан шығуға болады.
07
Егер жағдай өте қауіпті болса, тіпті қажетті заттарыңызды алып үлгермесеңіз де, үйден дереу шығып кетіңіз.
Сізге көмек немесе кеңес қажет пе?
Егер сізге физикалық немесе жыныстық зорлық-зомбылық қаупі төнсе, жыныстық қанауға (мысалы, вебкам-индустриясына) тартылсаңыз. Психологиялық және заңгерлік сұрақтарыңыз болса немесе қиын жағдайға тап болып, барар жеріңіз қалмаса.
Бізге өтінім қалдырыңыз, біз сізбен жақын арада хабарласамыз.
Немесе бірден қоңырау шалыңыз / WhatsApp-қа жазыңыз.
Көршіңіздің үйінен айқай-шу немесе
төбелес дауысы шығып жатса...
Көбіне отбасындағы зорлық-зомбылықты алғаш болып көршілер естіп, біліп жатады. Егер көршіңіз қауіпте екенін байқасаңыз, үнсіз қалмаңыз. Бұл ретте не істеу керектігі туралы дағдарыс орталығы қызметкерінің жауаптарын оқып шығыңыз:
Көрші пәтерден айқай-шу мен төбелестің дауысы естіліп жатыр. Не істеуім керек?
102 нөміріне қоңырау шалып, қылмысқа куә болып жатқаныңызды хабарлаңыз. Адам өміріне тікелей қауіп төніп тұрғанын міндетті түрде айтыңыз. Диспетчер сіздің аты-жөніңіз бен телефон нөміріңізді сұрайды. Оны айтпауға құқығыңыз бар, бірақ мәліметіңізді жасырсаңыз, полиция шақыртуға келмей қалуы мүмкін екенін ескеріңіз.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы хабарласам, мені жалған шағым түсірді деп айыптамай ма?
Жоқ, айыптамайды. Сізді жалған шағым түсірді деп айыптау үшін, полиция қылмыстың болмағанын сіздің нақты біле тұра, әдейі қоңырау шалғаныңызды дәлелдеуі тиіс. Сондықтан сіздің әрекетіңізде ешқандай қылмыс құрамы жоқ.
Полиция шақырылды. Енді жай күту ғана қалды ма?
Иә. Егер полиция жарты сағаттан астам уақыт келмесе, қайта хабарласыңыз. Мүлдем келмесе, жергілікті Полиция департаментіне шағым жазыңыз. Полиция қызметкерлері келгенде, олардың міндетті түрде есік қаққанын бақылаңыз. Өйткені, олардың қажетті қабатқа мүлдем көтерілмей кететін кездері де болады.
Полиция есік қағып тұр, бірақ оларға ешкім ашпады. Мұндай жағдайда не істеу керек?
Полициядан пәтердің есігін бұзып кіруді талап етіңіз. Егер іштен айқай-шу мен төбелес дауысы шығып жатса немесе біреуді өлтіремін деп қорқытқанды естісеңіз, полиция мұны істеуге міндетті. Егер есіктің арты тыныш болса, тәртіп сақшылары «ашпасаңыздар, есікті бұзамыз» деп ескертуі тиіс. Алайда, көбінесе полицейлер кезекшіге баянат (рапорт) жазып, кетіп қалады. Ал кезекші (немесе учаскелік инспектор) ол пәтерді 10 күн ішінде тексеріп шығуға міндетті.
Жәбірлеушіні полиция бөлімшесіне алып кетті делік. Әрі қарай не болады?
Зардап шегушіге туыстарына, достарына немесе дағдарыс орталығына барып паналауды ұсыныңыз. Қол көтерген адамды бір-екі сағаттан соң бөлімшеден шығарып жіберуі мүмкін, сол себепті ол үйде қалуға мүлдем болмайды.
Жәбір көруші "бұл сенің шаруаң емес" деп ренжіген жағдайда не істеу қажет?
Ренжімеңіз, түсінуге тырысыңыз. Қорлық көрген әйелдердің меселі қайтқан: олар көбіне күйеуін жақтап, керісінше өздерін кінәлайды. Олар қорқады, ұялады, бірақ сіз дәл сол сәтте оның өмірін арашалап қалған болуыңыз әбден мүмкін.
Олар неге қол көтерген адамды ақтап шығады?
Қол көтеруші де, қоғам да оларды «кінә өзіңде, өзің бастадың немесе осыған лайықсың» деп айыптайды. Бара-бара олар бұған өздері де сеніп қалады. Оларға жаныңыз ашысын, түсіністік танытыңыз.